«Креативтің қалқаны»: жастардың бейнероликтер байқауындағы азаматтық рух
31 қазан 2025 жылы Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған "Студенттік қалқан" атты бейнероликтер байқауы өтті. Бұл іс-шара студент жастар арасында діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуын болдырмау, бейбіт өмір мен өзара түсіністікке шақыру, сондай-ақ қоғамдағы толеранттылық құндылықтарын насихаттау мақсатында өткізілді.
Байқаудың мақсаты мен қатысушылар
Байқауға университеттің түрлі мамандықтары мен мектептерінен құралған студенттік топтар қатысып, діни экстремизмнің теріс ықпалын бейнелейтін және жастарды саналы өмір сүруге үндейтін бейнероликтерін ұсынды. Бұл жұмыстар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыра отырып, қоғамға оң әсер етуге бағытталған.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. І орын - 204-топ, "Медицина мектебі" (сыйақы – 70 000 теңге); ІІ орын - 105-топ, "Медико-профилактикалық іс" (сыйақы – 50 000 теңге); ІІІ орын - 101-102-топ, "Стоматология мектебі" (сыйақы – 30 000 теңге); Ынталандыру сыйлығы - 114-115-топ, "Стоматология мектебі".
Іс-шара соңында жеңімпаз топтар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға белсенділігі мен шығармашылығы үшін алғыс хаттар табысталды. Мұндай байқаулар жастардың рухани және патриоттық құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.





