Астана командасы бочча бойынша Қазақстан Республикасының Кубогында екінші орынды иеленді
Астанада бүгін Боччадан Қазақстан Республикасының Кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Дүбірлі жарысқа еліміздің 15 өңірінен 120-ға жуық параспортшы қатысты. Олардың арасында Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Жетісу, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының өкілдері болды. Астана қаласынан 14 спортшы қатысып, команда жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды.
Марапаттау рәсімі
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы директорының орынбасары Лескен Елекеев, "Аңса" жеке қорының атқарушы директоры Мұрат Жұманбай және Қазақстан Бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазинова қатысты. Назым Жанғазинова: "Бүгінгі марапаттау рәсімі барысында алтын, күміс, қола медаль алған спортшылар халықаралық жарыстарға қатысады. Біздің басты мақсатымыз — 2028 жылы боччадан паралимпиадаға қатысу," — деді.
Жарыстың мақсаты
Боччадан Қазақстан кубогы сайысының нәтижесінде жеңімпаздар ересектер мен жасөспірімдер арасында төрт дәреже бойынша анықталды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл жарыстардың басты мақсаты — елімізде бочча спортын дамыту, спортшылардың шеберлігін арттыру және ұлттық құрама командасының сапын қалыптастыру. Бочча — тірек-қозғалыс аппаратының ауыр бұзылыстары бар балалар мен ересектер үшін өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік беретін паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі.
Бочча спортын дамыту
Қазақстанда бочча спортының ресми дамуы 2021 жылы басталды. Сол жылы "Қазақстан Бочча Федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігі құрылып, елімізді халықаралық аренада таныту, ұлттық чемпионаттар мен кубоктарды ұйымдастыру жұмыстарына кірісті. Жарыстар 4 күн бойы өтті, спортшылар грамоталар, медальдар мен кубоктармен марапатталды.








