2026 ЖЫЛДАН БАСТАП ӘЛЕУМЕТТІК МӘНІ БАР АУРУЛАР БОЙЫНША ДИАГНОСТИКА ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛАДЫ
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмектің жаңа мүмкіндіктері енгізіледі. Бұл өзгерістер әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша диагностикаға қатысты, ол бұрын тек шектелген жағдайларда ғана жүргізілетін. Енді сақтандырылған азаматтармен қатар, сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмектің негізгі пакетіне қол жеткізе алады.
Диагностикаға қолжетімді аурулар
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 11 әлеуметтік мәні бар ауруға күдік туындаған жағдайда диагностика жүргізілетін болады. Олардың арасында туберкулез, созылмалы вирустық гепатит, бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, қатерлі ісіктер, жіті миокард инфарктісі, орфандық аурулар, эпилепсия, инсульт және басқа да ауыр жағдайлар бар. Қазіргі уақытта ТМККК шеңберінде тек туберкулез бен АИТВ инфекциясы бойынша диагностика жүргізілуде, ал қалған аурулар МӘМС жүйесінде қарастырылған.
Медициналық көмектің жаңа мүмкіндіктері
Сақтандырылмаған азаматтар емханаларға алғашқы өтініш беруден бастап, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, глаукома, қант диабеті, сүт безі обыры, жатыр мойны обыры мен колоректальдық обырды анықтауға арналған вакцинациялау және скринингтерге дейінгі медициналық көмектің барлық түрлеріне қол жеткізе алады. Сонымен қатар, өмірге қауіп төндіретін жағдайларда жедел медициналық көмек, инфекциялық аурулар кезіндегі медициналық көмек, паллиативтік көмек және ауыр пациенттерге ұзақ мерзімді күтім жасау да ұсынылады.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 13 әлеуметтік мәні бар аурудың тізбесінен төрт ауру МӘМС жүйесіне ауысатыны да назар аудартады. Бұл аурулар – қант диабеті, церебральдық сал ауруы, дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы және ревматизм. Олар динамикалық бақылауға жататын жағдайлар тізбесіне енгізіліп, медициналық көмек МӘМС шеңберінде толық көлемде көрсетілетін болады.


